Астанада сауда нүктелері тексеріліп, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тәртіп сақшылары наурыз айының соңына дейін елордада “Насыбай” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді.
“Алматы ауданы бойынша рейдке қатысушылар аудандық әкімдік, полиция қызметкерлері Б.Момышұлы мен Сәтбаев көшелерінде орналасқан сегіз сауда нүктесін электронды темекі мен насвайдың заңсыз сатылуын тексерді. Меншік иелерімен темекі өнімдерін заңсыз сату бойынша түсініктемелер жүргізілді.
Сарыарқа ауданы бойынша “Насыбай” жедел-профилактикалық іс-шарасына 53 полиция, мемлекеттік мекемелер мен қоғам қайраткерлері жұмылдырылды. Рейдтер барысында аудан бойынша 17 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Есіл ауданының жұмыс тобы бір күнде 40-қа жуық ШОБ нысанын тексерді”, - делінген хабарламада.
Бұдан басқа кәмелетке толмағандарға вейп сатудың 2 фактісі анықталған.
“Тексерушілер ҚР ӘҚБтК-нің 423-1-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасады. Құқық бұзушылар 25 АЕК (92 300 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге тиіс. 18-20 наурыз аралығында барлығы 80 ШОБ нысанына барып, 10 факт анықталды, оның ішінде насыбайды сатқаны үшін – 7 жағдай. ҚР ӘҚБтК 196-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Үш жағдайда кәмелетке толмағандарға вейп сатылды. Құқық бұзушыларға да айыппұл салынды. 20 наурызда Нұра ауданында кезекті рейд өткізілді. Іс-шара барысында Асфендияров және Әнет баба көшелерінде орналасқан 20 сауда нүктесі тексерілді. Нәтижесінде екі дүкен 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, - деп хабарлады әкімдік.
Ақпаратқа сәйкес, үш күн ішінде Байқоңыр ауданы бойынша 8 ірі базар, дүкендер мен сауда үйлері тексерілді. Сонымен қатар Лермонтов көшесіндегі жеке үйде 88 келі насыбай тәркіленді. Құқық бұзушыларға айыппұл салынды.