Астанада Наурыз мейрамында өтетін шаралар тізімі

817

Астанада Наурыз мейрамында өтетін шаралар тізімі

Астанада Наурыз мейрамына орайластырылған шаралар 5 алаңда және 10 тұрғын алабында ұйымдастырылады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

21-23 наурызда "Хан Шатыр" СОСО жанындағы алаңда үлкен этноауыл ашылады. Мұнда 19 киіз үй тігіледі, шығыс базары, сауда орындары, алтыбақан орнатылады.

Әрбір киіз үйдің жанында Астана қаласы театрларының әртістерімен, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен қазақ халқының салт-дәстүрлері көрсетіледі. Сауда орындарында шығыс тағамдары сатылады. Шығыс базарының аумағында көрме-сауда ұйымдастырылады, қолөнер шеберлері сәндік қолданбалы өнер бұйымдарын жасауды үйретеді.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына бауырсақ пен Наурыз көже ұсынылады.

Сонымен қатар Астананың жетекші шығармашылық ұжымдарының концерттері өтеді. Нақтырақ айтсақ, "Қорқыт" дәстүрлі музыка ансамблі, "Сарыарқа" халық аспаптары ансамблі, Астана қаласының қуыршақ театры, Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясының солистері және Қазақстан эстрадасының жұлдыздары өнерлерін ортаға салады.

Бұдан басқа жиналған қауым қазақша күрес, арқан тартыс, гір көтеру, қой көтеру сынды спорттық жарыстарға қатыса алады. Сондай-ақ Наурыз мейрамын мерекелеу аясында ит жарысы мен төбет және тазы көрмесі өткізіледі.

21-22 наурызда мерекелік бағдарлама "Қазақ елі" монументінің алдындағы алаңда, қалалық әкімдіктің жанындағы алаңда, Студенттік саябақта және "Жастар" театрының алдындағы аумақта ұйымдастырылады. Наурыз мейрамына арналған халықтық серуендер өтетін барлық алаңда киіз үйлер тігіледі, алтыбақандар орнатылады, спорттық жарыстар мен Қазақстан эстрадасы орындаушыларының қатысуымен концерттер өтеді, қонақтарға бауырсақ пен Наурыз көже таратылады.

Киіз үйлерде қазақ халқының "Бата беру", "Тұсаукесер", "Айтыс", "Ұлттық ойындар", "Беташар", "Көрісу-амандасу", "Бесікке салу", "Ат қою" сынды дәстүрлері көрсетіледі.

Астананың шет аумақтарында да мерекелік шаралар ұйымдастырылады. 18-22 наурыз аралығында Наурызға орайластырылған концерттер мен шаралар Железнодорожный, Промышленный, Интернациональный, Күйгенжар, Мичурино, Пригородный, Ильинка, Көктал-1, Көктал-2 және Өндіріс тұрғын алаптарында өтеді.

19 наурыз күні сағат 15:00-17:00 "Алау" мұз сарайында "Асық Party" асық ату жарысы өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу