Астанада Наурыз мерекесіне орай "қайырымдылық жәрмеңкесі" өтті

861

Астанада Наурыз мерекесіне орай "қайырымдылық жәрмеңкесі" өтті

Күндердің сұлтаны саналатын қасиетті жұма күнін "Әзірет Сұлтан" мешітінің жамағаты сауапқа толы өткізді. Алла Тағала парыз еткен жұма намазының сауабына қоса, бұл күні құлшылық ордасына аяқ басқан Астана қаласының тұрғындары қайырымдылық шарасына үлес қосып қайтты, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі. Оған қоса, дәмі тіл үйірген тәтті тағамдарды арзан бағаға сатып алып, қалтасындағы қаржыға да үнем жасады. Байқап қарасаңыз, бір ғана сәтте қаншама сауапқа ие болды!

Әрине, бұның бәрі "Әзірет Сұлтан" мешітінің әйел жамағаты ұйымдастырған "Қайырымдылық жәрмеңкесінің" арқасында болып отыр. Әр тоқсан сайын тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан "Қайырымдылық жәрмеңкесі" бұл жолы халқымыздың ұлық мерекесі – Наурыз мейрамының құрметіне арнап ұйымдастырылды. Жәрмеңке аясында жамағатқа наурыз көже үлестіріліп, "Әзірет Сұлтан" мешітінің әйел ұстаздары мен шәкірттері дайындаған түрлі тағам арзан бағада сатылды. Сондай-ақ жәрмеңке тауарларының қатарын ҚМДБ-ға қарасты "Хикмет" телерадиостудиясының өнімдері мен діни әшекей заттар да толықтыра түсті.

Айта кетейік, республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің әйел ұстаздары бұған дейін бірнеше рет "қайырымдылық жәрмеңкесін" ұйымдастырып, түскен қаражатты "Ана мен бала" орталығындағы науқас сәбилерге, тағдыр қыспағында қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға таратып берген болатын. Қалыптасқан үрдіс бойынша бұл жәрмеңкеден жиналған қаржы да түгелдей қайырымдылық шарасына жұмсалады. Ол туралы алдағы уақытта арнайы жариялаймыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу