Бүгін Астанадағы Ботаникалық бақтың дәл ортасында Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай елордамызға Нидерланд тарапы сыйға тартқан "Қызғалдақ" мүсінінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Салтанатты шараға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Нидерландтың Қазақстандағы Елшісі Андре Карстенс, дипломатиялық корпус, елорда әкімдігі мен жұртшылық өкілдері қатысты.
Қазақстан мен Орталық Еуразия даласы қызғалдақтардың танылған отаны. Бүгінгі таңда еліміздің байтақ кеңістігінде жабайы қызғалдақтардың 35 түрін кездестіруге болады. Сонымен қатар, Нидерландты де гүлдермен, әсіресе қызғалдақтармен байланыстырамыз.
Қызғалдақ – бейбітшілік, бақыт, береке мен жаңарудың нышаны. Бұл мүсін де Қазақстан мен Нидерланд арасындағы дәстүрлі достық пен өзара қолдау рухында жылдан жылға дамып келе жатқан әріптестікті айқындайды.