Астанада оқу ақысын төлеу жөнінде әлеуметтік көмекке кімдер үміткер бола алады?

385

Елордалық түлектер 21 тамызға дейін өтініш бере алады.

Астанада оқу ақысын төлеу жөнінде әлеуметтік көмекке кімдер үміткер бола алады? Фото: dauletten.kz

Астанада мектеп түлектері қаланың жоғары оқу орындарында күндізгі оқу ақысын төлеуге әлеуметтік көмек ала алады. Оған кім үміткер бола алатыны туралы онлайн брифингте елорданың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

"Осы жылдың 1 шілдесінен 21 тамызына дейін (қоса алғанда) Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы қаланың жоғары оқу орындарында күндізгі оқу ақысын төлеу жөнінде әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар қабылдап жатыр", - деді Айгүл Таласова.

Қаланың жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеуге әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы 4 ең төменгі күнкөріс деңгейінен (213 240 тг) аспайтын ақшалай төлемдер түрінде ұсынылады. Ол Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінің мынадай санаттағы түлектеріне көрсетіледі:

- жетім балалар;
- балалар үйінің түлектері;
- бала кезінен мүгедектігі бар адамдар;
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- көпбалалы отбасылардан шыққан балалар (оның ішінде биыл үлкен баласы кәмелетке толған кезде білім беру ұйымдарына күндізгі оқу нысанына түскенге дейін).

Тестілеу кезінде қажетті ең төменгі балл жинамаған жалпы білім беретін мектептердің түлектеріне әлеуметтік көмек тағайындалмайтынын атап өту маңызды.

Қаржылық қолдау елорданың еңбек нарығында неғұрлым сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту үшін ұсынылады.

Медициналық, педагогикалық және техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. Сонымен, оқыту жалпы медицина, әлеуметтік жұмыс, сәулет (BIM-менеджер жобалаушы), электр энергетикасы, дене шынықтыру және спорт, психология, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету (бағдарламашы), дизайн, ақпараттық жүйелер, азық-түлік өнімдерінің технологиясы, газ жабдықтарына қызмет көрсету инженері, информатика, тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалыс және көлікті пайдалану, биотехнология, бастауыш сынып оқушыларын оқыту педагогикасы мен әдістемесі, мектепке дейінгі оқыту, математика, химия, биология мұғалімі және т.б.

Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші мынадай құжаттар пакетін ұсынуы керек:

1) жеке басын куәландыратын құжат;
2) жиынтық табысты есептеу қағидаларына сәйкес адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер;
3) ата-анасының қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмесі (жетім балалар үшін);
4) көпбалалы отбасының мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі (көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін);
5) туу туралы куәліктің көшірмесі (жетім балалар үшін);
6) Астана қаласының орта мектебін бітіргені туралы аттестат;
7) ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша берілген мемлекеттік сертификат.
8) Екінші деңгейдегі банктегі не "Қазпошта" акционерлік қоғамындағы банктік шоттың нөмірі туралы мәліметтер.

Сұрақтар бойынша Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайы бойынша хабарласуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу