Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жол қауіпсіздігін арттыру және жолдың зақымдануын болдырмау үшін ауыр жүк көліктерінің қозғалысына күшейтілген бақылау енгізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бақылау жылжымалы көліктік бақылау бекеттері арқылы, сондай-ақ автоматтандырылған салмақ өлшеу станцияларының көмегімен қаланың негізгі кіреберістері мен шығыстарында жүргізіледі. Тәртіп бұзушыларға айыппұл салынады, оның мөлшері заң бұзудың ауырлығына байланысты болады.
"2025 жылдың 23 наурызы мен 1 мамыры аралығында республикалық маңызы бар жолдармен жүретін көліктерге де осьтік жүктемелерге қатысты қосымша шектеулер енгізіледі.
Наурыздың 6-сы күні қала әкімдігінде жиын өтіп, жергілікті полиция қызметі мен көліктік бақылау инспекцияларын тарта отырып, рейдтік іс-шаралар өткізу туралы шешім қабылданды. 7 наурыздан бастап елордада алты жылжымалы пост, сондай-ақ көлік инспекторларының күшейтілген тобы жұмыс істейді. Қазірдің өзінде 94 көлік тексеріліп, жалпы сомасы 11 миллион теңгеден астам сомаға 54 әкімшілік хаттама толтырылған
Заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында салмағы рұқсат етілген нормалардан асатын жүктерді самосвалдармен тасымалдауға тыйым салынады", - делінген әкімдік хабарламасында.