"Сен мендік боласың": Астанада мұғалім 7-сынып оқушысына қырындаған

11290

Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді. 

"Сен мендік боласың": Астанада мұғалім 7-сынып оқушысына қырындаған Фото: limon.kg

Әлеуметтік желіде елордадағы №32 мектеп мұғалімі жетінші сынып оқушысына тиіскені туралы ақпарат тарады. Ата-аналар оқу орнына келіп, педагогты жауапқа тартуды талап еткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәліметтерге сенсек, қыз бала ата-анасына 1981 жылы туған мұғалімнің оған тиіскенін және WhatsApp арқылы түнде жазып тұрғанын айтқан.

“Егер… Жаман ойлап қалма. Сен түсініп тұрсың ғой, иә? Мен сенікі, ал сен мендік боласың. Жақсы ма? Мұны барлық мағынада айтып тұрмын”, – деп мұғалім оқушы қызға хабарлама жіберген.

Мектеп директоры оқиғадан кейін мұғалімді жедел түрде жұмыстан шығарып, басқа оқу орнына орналасуына мүмкіндік берген.

Елордадағы білім басқармасының баспасөз қызметі мұғалімнің 2024 жылдың 2 қыркүйегінен бастап мектепте сынақ мерзімінде жұмыс істегенін мәлімдеді.

"Мұғалім 2024 жылғы 2 қыркүйектен бері сынақ мерзімінде жұмыс істеді. Мектепішілік тәртіп комиссиясының шешімімен педагог 2024 жылғы 30 қыркүйекте жұмыстан босатылды", - деді қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай ұстазды ҚР Еңбек кодексінің 52 бабы, 14 тармағы негізінде (тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасаған) жұмыстан босатқан. 

Ата-аналар шу шығарғаннан кейін жұмыстан қуылған мұғалімнің үстінен қылмыстық іс қозғалды. 

"Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді, тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат таратуға жатпайды", - деп мәлімдеді елорданың полиция департаменті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу