Астанадағы №111 жалпы орта білім беретін мектепте "Конституция және біз. Құқықтар мен жауапкершілік" атты республикалық оқушылар форумы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық ұстанымын нығайтуға және "Адал азамат" құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Форумды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, "AMANAT" партиясының Астана қалалық филиалы және Астана қаласы әкімдігінің №111 жалпы орта білім беретін мектебі бірлесіп ұйымдастырды.
Форум барысында оқушылар TEDx форматындағы пікір алаңдарына қатысып, заң үстемдігі, қоғамдық жауапкершілік, ұлттық бірегейлік, білім мен тәрбие мәселелері бойынша ой бөлісті.
Оқушылардың жұмысы бес тақырыптық секция бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, адам құқықтары, буллингтің алдын алу, цифрлық ортадағы жауапкершілік, жасанды интеллект, экологиялық сана, қоғамдық келісім, кәсіби бағдар және тарихи мұра тақырыптары талқыланды.
Форум қорытындысы бойынша белсенді қатысушылар мен үздік спикерлер арнайы марапаттарға ие болды.