Астанада өмір сүру ұзақтығы еліміз бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болды

696

Елорда бойынша 2023 жылғы өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші еліміз бойынша ең жоғары, яғни 77,3 жыл болды. 

Астанада өмір сүру ұзақтығы еліміз бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болды Фото: Астана қаласының әкімдігі

Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев пен Астана әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың қатысуымен өткен қорытынды алқада айтты.

Қабылданып жатқан шаралардың арқасында елордада негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарды: жалпы өлім-жітімнің 4,5 пайызға төмендегені байқалады.

Сандар мен фактілер: өткен жылы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында 10,5 миллион қабылдау өткізілді.

Жедел жәрдем қызметі 708 мың шақырутды қабылдады.

Стационарларда 194 мың пациент емделіп, 102 мыңнан аса ота жасалып, 31 мыңнан аса әйел босанған.

Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1 300-ге жуық қызметкер оқытылды: 917 дәрігер және 382 орта медицина қызметкері.

151 мыңға жуық пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

Сенімді және дәл техника медициналық көмектің сапасын арттырады.

Мәселен, 2023 жылы мыңнан аса жаңа медициналық техника сатып алынды. Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады.

Басқарма басшысы елорда тұрғындары санының артуын ескере отырып, бірқатар мәселеге назар аударды.

Бүгінгі таңда қолданыстағы денсаулық сақтау инфрақұрылымы саны жағынан өсіп келе жатқан жұртшылықтың қажеттіліктерін қанағаттандырмайды.

Жағдайды жақсарту үшін алдағы жылдарға 14 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған.

Әлия Рүстемова қол жеткізілген жетістіктермен қатар дереу шешуді талап ететін міндеттер де бар екенін атап өтті.

"Біз ел тұрғындарына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыратын тиімді шешімдер дайындайтын кәсіби және азаматтық қоғамдастықтың барлық күш-жігерін біріктіруіміз керек", - деп қорытындылады ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу