Наурыз мейрамында, яғни 21 наурызда "Дәулет" спорт кешенінде қазақ күресінен "Өнер барысы" республикалық турнирі өтеді, деп хабарлайды мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Жиырмаға жуық балуан чемпиондық белдікті сарапқа салады. Олардың ішінде бірде-бір кәсіпқой спортшы жоқ. Бірақ оларды бүкіл қазақ елі таниды. Бозкілемге танымал әртістер мен ақындар шығады.
Әншілер, айтыскерлер, актерлер, КТА-ға қатысушылар ұлттық спорт түрінен шеберлік байқасады. Қайрат Нұртас, Абай Аязбаев, Серік Ибрагимов, Мейіржан Төребаев, Амангелді Өтешов, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Аян Өтепберген, Нұрлан Мұсаев, Еркебұлан Дайыров, Әлібек Серғалиев, Нұрболат Абдуллин, Ардақ Байғабыл, Ғалым Махамбетов, Ақболат Өтебай, Сырымбет Бибосынов, Хамит Ердехан және басқалары боз кілемде белдеседі.
Жарыстың мақсаты – ұлттық спорт түрлерін, әсіресе қазақ күресін дамыту және дәріптеу, сондай-ақ жастарды салауатты өмір салтын ұстануға баулу.
Ережеге сәйкес, дүбірлі додаға 16-36 жас аралығындағы шығармашылық маман өкілдері қатыса алады.
Ақпан айының ортасында қатысуға ниет білдірген балуандар Алматыда оқу-жаттығу жиынынан өтті.
Айта кетейік, салмақ өлшеу салтанаты 19 наурызда "Дәулет" спорт кешенінде өтеді.