Астанада Орталық Азиядағы ең үлкен теңіз жануарларының саябағы ашылды. Отбасылық бұл ойын-сауық саябағының жалпы аумағы 7190 шаршы метр. Мұнда көрсетілім үшін үлкен бассейн қойылған, қосымша тағы екі бассейн – карантин және жарғақтабандылар үшін қарастырылыпты. 400 адамға арналған трибуна және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындар бар. Парктің алғашқы ашылуын "Нұр Отан" партиясының Астана қалалық филиалы ұйымдастырды. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Теңіз жануарлары паркінің әртістері 4 дельфин (Афалин түрі) және 3 теңіз мысығымен өнер көрсетеді. 40-тан астам түрлі элемент таңғажайып шоу барысында көрермен назарына ұсынылмақ.
- Құрметті Елорда тұрғындары мен қонақтары, ЭКСПО- 2017 халықаралық көрмесінің ашылу қарсаңында бүгін қаламызда ең үлкен теңіз жануарларының паркі ашылып отыр. Бұл мәдени-тарихи оқиға. Өйткені, теңіз жануарлары қайталанбас, ерекше шоу көрсетеді. Бүгін шараға 400-ге жуық бүлдіршін келді, олардың арасында мүмкіндіктері шектеулі 100-ге жуық балалар да бар, - деді "Нұр Отан" партиясы қалалық филиалының орынбасары Владислав Сергеев.
Елорда тұрғындары мен қонақтары Mega Silk Way ойын-сауық орталығында орналасқан Happylon паркіндегі шоуды көре алады. Теңіз жануарларының алғашқы шоу қойылымын балалар үйінің тәрбиеленушілері тамашалады.