27 тамызда Астанада халықаралық марафон өтеді. Жалпы жүлде қоры 22 миллион теңге болатын айтулы жарысқа Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттерден жалпы саны 5 мың спортшы қатысады. Соның 4 мыңы –қазақстандық атлеттер, деп хабарлайды 24.kz.
Елорданың сол жағалауында өтетін жеңіл атлеттер сайысы 10 және 42 шақырым қашықтыққа созылады. Әуесқой спортшылар 2017 метрге жүгіруден бақ сынайды. Мамандар мүмкіндігі шектеулі жандар арасында да жарыс ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Астана марафоны Азиядағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 25 жылдығына арналады.
"Қазіргі таңда 390 шетелдік марафоншылар тіркеуден өтіпті. Демеушілердің ақшасына отыз беделді Шанхай ынтымақтастығына мүше елдерден келетін отыз спортшыны біз арнайы шақырамыз. Ал қалған спортшылардың өз қаражатына келіп қатысуына біз шектеу жасамаймыз. Сондықтан сондай кәсіби спортшылар көп болса, марафонның деңгейі де жоғары болатыны белгілі", - дейді ҚР спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.