Астанада өткен қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионаты Қазақстанның жеңісімен аяқталды

557

Спортшыларымыз 21 алтын, 19 күміс және 21 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық бірінші орынды иеленді. 

Астанада өткен қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионаты Қазақстанның жеңісімен аяқталды Фото: ҚР Мәдениент және спорт министрлігі

Жарыс елордада 16-18 маусым аралығында өтті. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов біріншіліктің финалдық жарыс күніне арналған салтанатты рәсімге қатысты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған турнирге 32 елден 400-ге жуық спортшы қатысты. Бұл Қазақстан, Германия, Үндістан, Италия, Испания, Моңғолия, Таиланд, Түркия, Чехия, Швейцария және басқа да мемлекеттер.

Асхат Оралов Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайын толтырған жанкүйерлерді, көрермендер мен жарыстың барлық қатысушыларын айтулы спорт мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, осы кеште алтын медалға күрескен жігіттерімізге сәттілік тіледі.

Қазақстандық қоян-қолтық ұрыс шеберлері жанкүйерлердің үмітін ақтап, жалпы командалық бірінші орынды сенімді жеңіп алды.

"Республикада қоян-қолтық ұрыстың 500-ге жуық секциясы жұмыс істейді, онда 22 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. Жекпе-жек түрлері Қазақстанда өте танымал, сондықтан бұл спорт түрінің елімізде болашағы зор деп білемін. Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федерациясына, сондай-ақ бүкіл қазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығына және оның президенті-Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, генерал-майор Сәкен Исабековке айрықша алғыс айтқым келеді. Мұндай турнирлердің спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға қосатын үлесі орасан зор, сондықтан біз осындай жарыстарды елімізде мүмкіндігінше жүйелі түрде өткізу үшін жұмыс істейтін боламыз",- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу