Барлығы 4 номинация бойынша 36 жеңімпаз команда анықталды, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Олимпиаданы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен "Астана Innovations" АҚ ұйымдастырды.
Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам оқушыны құраған 140 команда қатысты. "Инновациялық білім олимпиадасы жыл сайын өзіндік рөлін айқындай түседі. Ал келесі жылдан бастап халықаралық конкурсқа айналады", - дейді "Астана Innovations" АҚ басқарма төрағасы Арыстан Қазжанов.
Бұл іс-шара ғылыми және техникалық білімнің дамуына зор әсер етеді. Барлығы 4 номинация бойынша 36 жеңімпаз команда айқындалды: 3D үлгілеу, инженерлік математика, бағдарламалау және жобалық робототехника. Елордалық №38 және №73 мектептері, сондай-ақ Дарын ММИ (Қарағанды қаласы) ең көп номинацияларға ие болды.
Жеңімпаздар 3D принтер, ноутбук, дрон, робототехника жиынтықтары, сауықтыру лагеріне жолдама секілді түрлі жүлделерге ие болды. Айта кетейік, STEM – техникалық білім беру саласындағы соңғы жетістіктерді қамтыған инновациялық олимпиада.
Олимпиада инженерия, бағдарламалау, робототехника және 3D үлгілеу секілді ғылымдардан тұрады. Қазақстанда STEM зертханалары былтырдан бастап ашыла бастады. Олардың алғашқысы елордадағы №41 мектепке орнатылды. Ал бүгінде елімізде 90-нан астам STEM зертхана жұмыс істеп тұр.