7 мамыр күні "Қазақ елі" алаңында ҚР қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған әскери парадқа дайындық және оны өткізуге байланысты қорғаныс министрлігі 2-5 мамыр аралығында "Қазақ елі" алаңында жаттығу мен дайындық шараларын ұйымдастырады.
Шара аясында елордалық ІІД жергілікті полиция қызметі елорда тұрғындары мен қонақтарына 2-7 мамыр аралығында әскери парадқа дайындық өтетінін және осы кезеңде жолдар жабылатынын хабарлайды.
Дәлірек айтсақ, 2 мамырда сағат 12.00-ден 14.30-ға дейін, 3 және 4 мамырда сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін, 5 мамырда сағат 12.00-ден 14.30-ға дейін, 7 мамырда сағат 06.00-ден 15.00-ге дейін.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 40-станциядан Байырқұм көшесімен Қошқарбаев көшесіндегі көпір айрығына дейін, Қошқарбаев көшесінен Б. Момышұлы даңғылындағы жолайрыққа дейін, сондай-ақ Тәуелсіздік даңғылы Б. Майлин көшесінен Нәжімеденов көшесіне дейін (мектеп) жабылады. Бұған қоса, Ш.Қалдаяков көшесімен М3 көпірінен бастап Тәуелсіздік даңғылына дейін, Нәжімеденов көшесімен қозғалыс Ш. Қалдаяқов көшесінен Сарыкөл көшесіне дейін, Қошқарбаев көшесі Б. Момышұлы даңғылынан Сарыкөл көшесіне дейін және Б. Момышұлы даңғылы Сәтпаев көшесінен Дарабоз көшесіне дейін жабылады.
9 мамырда 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнін мерекелеуге байланысты сағат 09.00-ден 13.00-ге дейін Тәуелсіздік даңғылымен Қалдаяқов көшесінен Пушкин көшесіне дейін "Жаужүрек полк" жаяу және механизацияланған колоннасы өтетін учаскеде жол жабылады.
Сол себепті қала тұрғындары мен қонақтары жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауы қажет.