Астанада пәтер кезегін жылжытуға уәде еткен алаяқ ұсталды. Залал сомасы 12 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биылғы 20-22 қараша аралығында Қазақстанда "Hi-tech" ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Барлығы 125-тен аса киберқылмыс тіркелген. Бұрын жасалған 300-ге жуық қылмыс анықталды, оның 270-тен астамы – интернеттегі алаяқтық.
"Алаяқтар азаматтарды алдау үшін әртүрлі сылтауларды қолданады. Мәселен, Астана қаласында қала тұрғыны ұсталды, ол мессенджері арқылы мемлекеттен пәтер алу үшін кезекті жылжыту сылтауымен қызмет ұсынған. Қазіргі уақытта оның 25 осыған ұқсас фактіге қатысы бар екендігі дәлелденді. Салдарынан азаматтарға 12 млн теңгеден астам сомаға залал келтірілген", - деді Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.
Спикердің сөзінше, бұл іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
"Алаяқтық жасаудың тағы бір кең таралған тәсілі – жүк тасымалдау қызметтерін ұсынуға арналған интернет сайттарын пайдалану. Осындай алаяқтардың бірін Ақмола облысының қызметкерлері Қостанай қаласында ұстады. Оған осындай 15 қылмыс жасауға қатысы бар екені дәлелденді. Залал сомасы және басқа жәбірленушілер анықталып жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ол министрліктің апталық брифингінде.
Жандос Сүйінбай алаяқтардың өз міндеттемелерін орындамай, алдын-ала тауар немесе қызмет үшін толық төлем алатынын жеткізді. Ведомство қазақстандықтарды мәмілелер жасасу кезінде мұқият болуға шақырады.