Астанада Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңіне 188 оқушы қатысып жатыр

248

9 қарашада Астанада жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша XIX Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астанада Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңіне 188 оқушы қатысып жатыр Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Зияткерлік дода №33 жайлы мектепте өтіп жатыр. Оған еліміздің барлық өңірінен 188 оқушы қатысуда. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

11-12-сынып оқушылары математика, физика, химия және биология пәндерінен білімдерін сарапқа салады. Олимпиаданың басты мақсаты – дарынды жастарды анықтап, олардың ғылыми ізденіске деген қызығушылығы мен зияткерлік қабілетін дамыту.

Биылғы сайыстың алғашқы, өңірлік кезеңіне 3 690 оқушы қатысқан. Оның 406-сы екінші кезеңге жолдама алып, іріктеу нәтижесінде 188 оқушы республикалық кезеңге өткен.

Қатысушылардың білімін халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ Қазақстан және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер, магистранттар мен PhD докторларынан құралған қазылар алқасы бағалайды.

Олимпиада нәтижесінде үздік шыққан оқушылар Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.


Сайыстың ашықтығы мен академиялық адалдықты сақтау үшін барлық кезеңнің барысы тікелей эфирде көрсетіледі. Трансляция сілтемелері daryn.kz сайтында жарияланады.

Айта кетейік, Президенттік олимпиада 2008 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы республикалық кезең 13 қарашаға дейін жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу