Астанада Президенттің қатысуымен 28-ші қысқы Универсиаданың Алау эстафетасы басталды

1106

Астанада Президенттің қатысуымен 28-ші қысқы Универсиаданың Алау эстафетасы басталды

Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиаданың Алау эстафетасы бастау алды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Алдымен Елбасы Универсиадаға қатысатын Қазақстан құрамасының капитаны биатлоншы Дәулет Раxымбаевқа еліміз Туын табыс етті. Өз кезегінде Раxымбаев Қазақстан құрамасы жарыстарға толығымен дайын екендігін баяндады. Елордадағы эстафета екі кезеңге бөлінген. Алаугерлер үш жарым сағат бойы қаланың орталық көшелерімен жүгіріп өтеді. Алғашқы кезең "Назарбаев Университетінен" басталып, "Бәйтерек" монументіне дейін жалғасады. Екіншісі - "Бәйтерек" монументінен қайта бастау алып, оң жағалаудағы қалалық әкімдік алаңында аяқталады. Эстафетаның жалпы ұзақтығы 12 шақырымды құрайды. Алауды барлығы 60 алаугер алып жүреді, олардың арасында танымал спортшылар мен Астананың қоғам  қайраткерлері бар. Алаугерлердің бірі Данияр Елеусінов, ол бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы, 2015 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Рио-де-Жанейрода өткен 31-ші жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы.

Сондай-ақ, боксшы Василий Левит те Эстафета алауын Астана көшелерімен алып жүреді. Левит бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2009 жылғы Азия чемпионы, Рио-де-Жанейрода өткен 31-ші жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Құрметке лайық тағы бір алаугер - Әлібек Наурызбайұлы. Ол гір спортынан спорт шебері, 2014 жылғы Әлем кубогы кезеңінің күміс жүлдегері, 2013 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2012 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионы, 2010-2014 жж. ҚР бес дүркін чемпионы және 2015 жылғы Әлем чемпионатының күміс медаль иегері. Мөлдір Мекенбаева - 2016 жылы Әбу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионы, "Arlan Grip Selection" халықаралық турнирінің жеңімпазы, бразилиялық джиу-джитсу бойынша ҚР чемпионы.

Спортшылардан бөлек, 28-ші қысқы Универсиада алауын қоғам қайраткерлері, белсенді оқу озаттары және танымал қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова алып жүрмек. Сәдуақасова 18 жасқа дейінгі шахматтан әлем жеңімпазы, әйелдер арасында Орталық Азия чемпионы, 12-15 жасқа дейінгі әлемнің вице-чемпионы және ҚР бірнеше дүркін және абсолютті чемпионы. Универсиаданың Алматыда өтетін ашылу салтанатына елорда  атынан қазақстандық хоккейші, астаналық "Барыс" клубының қорғаушысы Мадияр Ыбырайбеков  қатысады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу