Астанада референдумды қолдауға арналған концертке 10 мыңнан астам адам қатысты

144

Концерт барысында қазақстандықтарды алдағы референдумға қатысып, Жаңа Конституция жобасы бойынша өз ұстанымын білдіруге үндеу жасалды.    

Астанада референдумды қолдауға арналған концертке 10 мыңнан астам адам қатысты Фото: gov.kz

Елорда жастары Конституциялық реформаға қолдау көрсетіп, live-концертке қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Іс-шара 10 мыңнан астам адамды біріктіріп, "Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!" Жалпыұлттық коалициясы жұмысы аясындағы алғашқы ірі қоғамдық алаңдардың біріне айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, конституциялық өзгерістер – елдегі жүйелі саяси жаңғырудың жалғасы. Оның айтуынша, реформалардың негізгі мақсаты – әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарын нығайту, өкілді институттардың рөлін күшейту және билік тармақтарының өзара іс-қимылының неғұрлым теңгерімді моделін қалыптастыру. Президент ұсынылған өзгерістердің мәнін ашық түрде қоғам талқысына шығарып, халықты кеңінен ақпараттандыру маңызды екенін де атап өткен еді.

Іс-шара қоғамдық мәдени акция форматында өтіп, оған елорда тұрғындары мен қонақтары жиналды. Сахнада белгілі қазақстандық орындаушылар – Raim, Дастан Оразбеков, Bayansulu, Nazzarbeck, Ақтоты Болшова және өзге де әртістер өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің тақырып аясындағы баяндамаларымен жалғасын тапты.

Жарқынбек Амантай, Мақсат Толықбай, Айкерім Есенәлі, Ақерке Искандерова Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдағы референдум туралы азаматтарды хабардар етті. Сондай-ақ олар саналы таңдау жасау мен белсенді азаматтық ұстанымның маңызын атап өтті.

 "Ата заңымыз заман талабын сай және жаңа сын-тегеуріндерді ескере отырып әзірленді. Бұл еліміздің дамуына және мүддесін қорғауға мүмкіндік береді. Әрбір қазақстандық референдумға қатысу арқылы өз азаматтық ұстанымын білдіріп, әділетті, ашық әрі заманауи мемлекеттің дамуына үлес қосуға тиіс", – деді Жарқынбек Амантай.

"Құжатта білім, ғылым, инновация мемлекеттің басты стратегиялық бағыты, негізгі құндылығы ретінде айқындалды. Қолданыстағы Конституцияда халықтың мемлекеттік биліктің қайнар көзі екені жазылса, ал жаңа құжатта мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендіктің иесі екені бекітілді", – деді Мақсат Толықбай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу