Айта кету керек, рәсім Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жетінші съезі аясында өткізіліп жатыр.
Құлшылық рәсіміне, шамамен, 3 мыңнан астам адам қатысып жатыр делінеді. Бұған қатысу үшін әлем мен республиканың әр түкпірінен адамдар алдын ала тіркелді. Тіркеу рәсімі 1-11 қыркүйек күндері жүргізілген.
Мессаның ежелгі заманнан бері ажырамас бөлігі болып келе жатқан нәрсе музыка деп есептеледі. Рәсім бойына діни әндер айтылып, қасиетті дұғалар оқылады.
Католиктердің наным-сенімі бойынша месса орындалу сәті — Жаратушыдан тілек тілеп, қалағаныңды сұрай алатын ең қолайлы уақыт. Бұл кезде әркім өз басындағы қиыншылықтары мен проблемаларына медет сұрау үшін асығады.
Айта кету керек, Тәуелсіз Қазақстан тарихында Рим папасының рәсімі екінші рет өткізіліп жатыр. Бұдан бұрын Рим Папасы ІІ Иоанн Павел 2001 жылы 22 қыркүйектегі сапарында өткізіп, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен, алыс-жуық шетелдерден келген 35 мың католик христиандар, өзге діни сенім иелері қатысқан болатын.