Суға шомылу маусымы басталғаннан бері елордалық құтқарушылар полиция мен еріктілермен бірлесіп суға түсуге рұқсат етілмеген орындарға 128 рейд жүргізді, деп қала әкімдігінің сайты хабарлайды.
ТЖ департаментінің ақпараты бойынша, елордада суға шомылуға рұқсат етілмеген 20 орын тіркелген. Олардың 5-і Сарыарқа ауданында, 6-ы Алматы және Есіл аудандарында, 3-і Байқоңыр ауданында орналасқан.
Суға шомылу маусымы басталғаннан бері рұқсат етілмеген орындарда шомылған 8 адам қаза тапқан.
"Адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында ТЖД, полиция қызметкерлері мен еріктілер 128 рейд жүргізді, 140 тыйым салу белгілері, 30 стенд орнатылды, демалушыларға тиісті ақпарат жазылған парақшалар таратылуда. Күн сайын қала жағажайларын патрульдеуге 40-қа жуық адам шығады",– делінген ТЖД хабарламасында.
Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда Есіл ауданының орталық саябағында, "Три пескаря" (Сарыарқа ауданы), "Столичный двор" (Алматы ауданы, Күйгенжар) демалыс аймақтарында барлығы 3 заңды жағажай жұмыс істейді.