Астананың "Сарыарқа" ауданында Алаш 25 мекен-жайы бойынша орналасқан құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысанның жабын плиталары мен қабырғалары құлады. Бұл туралы ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті, деп хабарлайды astana.gov.kz.
Алдын ала мәліметтер бойынша оқиға салдарынан 3 адам зардап шеккен. Олардың 2 қаза тауып, 1 ауруханаға жатқызылған. Барлығы да Өзбекстан азаматтары.
Қазіргі таңда Астана қаласы ІІД бастығының орынбасары Санжар Адиловтың тапсырмасы бойынша тергеуші Болат Шлясовтың жетекшілік ететін тергеу амалдарын жүргізетін жедел-тергеу тобы құрылып отыр. Тергеу жұмыстарын жүргізу үшін К. Саяхат (нысанға тапсырыс беруші), "ЭКО-ЖС" ЖШС (нысанның бас мердігері), С. Струминский (авторлық қадағалау), А. Нугманов (учаскі бастығы) елорданың ІІД жеткізілді. Аталмыш оқиға тіркелді, процессуалды прокурор болып Н. Айтжанов белгіленді.
Айта кетейік, оқиға салдарын жоюға ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің бөлімшелері – Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті, Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстарының қызметі, ҚР ІІМ ТЖК апаттардың медициналық орталығы, өңірлік аэромобильді жедел-құтқарудың орталық отряды жұмылдырылды. Барлығы үйінділерді жою мен зардап шеккендерді іздестіру шараларына 15 құтқарушы, мамандандырылған техника мен мамандандырылған жабдық жұмылдырылды.