Астана тұрғын үй орталығы "Көпбалалы отбасылар" және "Халықтың әлеуметтік осал топтары" санаттары үшін "Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталғаны туралы хабарлайды.
Бұл бағдарламаға Астана қаласының коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте тұрған төмендегі санаттағы азаматтар қатыса алады:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері және жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер. Сонымен қатар басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
2) бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
3) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
4) кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;
5) жасы бойынша зейнеткерлер;
6) жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
7) қандастар;
8) экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
9) көпбалалы отбасылар;
10) мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
11) толық емес отбасылар.
Пәтерлердің жалпы саны:
- "Көпбалалы отбасылар" санаты үшін - 86 пәтер (тек 2 бөлмелі пәтер);
- басқа санаттағы "Халықтың әлеуметтік осал топтары" үшін-24 пәтер:
2 бөлмелі-3 пәтер;
3 бөлмелі-21 пәтер.
Тұрғын үй түрі: сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй.
Нысандардың орналасқан жері (Астана қаласы):
- "Көпбалалы отбасылар" санаты үшін:
1. Н.Тілендиев даңғылы, 44а, 44, 44/2 үй;
2. Ш. Қосшығұлұлы көшесі, д. 6,
3. Е-767 көшесі, 11 үй,
4. Е-509 көшесі, 7 үй.
- "Халықтың әлеуметтік осал топтары" үшін:
1. Тілендиев даңғылы, 44, 44/2 үй.
Құжаттарды қабылдау 2023 жылғы 17 шілде сағат 09:00-ден 2023 жылғы 26 шілдеге дейін сағат 23:59-ға дейін qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы электронды түрде жүргізіледі. Іріктеу кезекке қойылған күнге сәйкес жүргізіледі және отбасының құрамы ескеріледі.
"Қатысуға өтінімдерді кезекке қойылған барлық жылдардағы кезекте тұрған азаматтар бере алады, алайда қатысуға өтінім бергендер арасында басқалардан бұрын кезекте тұрғандар өтеді", – деп хабарлады Астана қаласының "Тұрғын үй қоры" КММ.
Өтініш беру үшін сізде болуы керек:
1) ЭЦҚ кілті;
2) отбасының барлық мүшелеріне ҚР бойынша жылжымайтын мүліктің жоқ немесе бар екендігі туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы;
3) балалардың туу туралы куәліктерінің сканерленген нұсқасы / отбасы мүшелерінің жеке куәлігі (бар болса);
4) неке қию/бұзу/ әке болуды анықтау туралы куәліктің сканерленген нұсқасы/ №4 формасы/ қайтыс болу туралы куәлік (бар болса);
5) жылжымайтын мүлікті белгілейтін құқықтық құжаттарының сканерленген нұсқасы (бар болса);
6) мүгедектік туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (бар болса).
Өтінімдерді қарау нәтижелері zhilfond.kz сайтында, "Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы" ММ және тұрғын үй орталығының әлеуметтік желілерінде жарияланатын болады.