Астанада Seedstars World байқауының қазақстандық кезеңі өтті. Жарысқа 7 стартап жоба қатысып, жергілікті қазылар алқасына өз идеялаын ұсынды. Constant-lab компаниясы жеңіске жетіп, Қазақстан атынан Швейцариядағы Seedstars саммитіне қатысады, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Constant-lab компаниясы биометрлік құрылғылар негізінде жұмыс уақытын есепке алу қосымшасы Clockster сервисімен байқаудың қазақстандық кезеңінің жеңімпазы атанды. Бұл жоба Қазақстанда ең перспективалы стартап жоба болып танылды.
Constant-lab директоры Ержан Рысқалиев Швейцарияда өтетін Seedstars Global Summit соңғы кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болды, бағдарламаға сондай-ақ бір апталық тренинг және әлемнің әр түкпірінен келген 80 жеңімпазбен, инвесторлармен және жетекшілермен танысу мүмкіндігі кіреді.
Саммиттің соңғы күнінде қатысушылар мыңдаған көрерменнің алдында өз жобаларымен таныстыра отырып, 1 млн долларға дейін сыйлық жеңіп алу мүмкіндігіне ие болады.
Конверсия деңгейі жоғары және дауыспен бақылау функциясымен қамтамасыз етілген интернет-дүкендерге арналған интеллектуалдық көмекші жобасын ұсынған NiceWidget компаниясы екінші орынды иеленді. Сондай-ақ жарнама берушілерге өз тауарлары мен қызметтерін әлеуметтік желілердегі ұсыным берушілер арқылы ілгерілетуге мүмкіндік беретін автоматты сервис ұсынған AdBird компаниясы да байқау сыйлығына ие болды.
Дамушы нарықтары және жылдам өсіп келе жатқан жас технологиялық компаниялары бар елдерге арналған өзінің әлемдік байқауын одан әрі жалғастыра отыра, Seedstars World келесі аялдамасын Молдавиядағы үздік стартап жобаларды іріктеп алу үшін Кишинев қаласында жасамақ. Seedstars World компаниясы өңірлік мәселелерді шешіп, әлемдік нарық үшін пайдалы өнімдер әзірлейтін үздік стартап жобаларды іздейді.
Еске сала кетейік, Seedstars – халықаралық ұйым, оның міндеті – дамушы нарықтық экономикасы бар елдерде технологиялар мен кәсіпкерлік арқылы адамдарға әсер ету.