Ауқымды экологиялық шара қаладағы барлық ауданды қамтыды. Оған шамамен 30 мыңға жуық адам қатысты.
Олардың қатарында қала тұрғындары, коммуналдық қызмет мамандары, бизнес өкілдері, құрылыс және қаржы ұйымдары, ПИК пен МИБ қызметкерлері, еріктілер, студенттер, эко-белсенділер және спортшылар бар.
Сонымен қатар, акцияға 2 200-ден астам кәсіпорын мен ұйым атсалысып, 900-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
Сенбілік барысында қыс мезгілінен кейінгі тазалау жұмыстары жүргізіліп, аулалар, көшелер, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер ретке келтірілді. Жалпы 1 232 аула аумағы тазартылды.
Нәтижесінде, қала аумағынан шамамен 100 тонна қоқыс шығарылды.
– Іс-шараның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың қоршаған орта тазалығына жауапкершілігін арттыру және оларды абаттандыру жұмыстарына кеңінен тарту, – делінген қала әкімдігінің хабарламасында.
Әкімдік тұрғындарды "Таза Қазақстан" экологиялық бастамасын қолдауға шақырып, әр азаматтың қаланы таза әрі жайлы етуге үлес қоса алатынын атап өтті.