Отан қорғаушылар күніне орай Showdown үстел теннисінен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында арнайы турнир басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Елордада мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ең үздіктерді анықтау мақсатында қалалық сайыс бастау алды.
Аталған турнирде 25 қатысушы ерлер және әйелдер санаты бойынша жүлдені сарапқа салады.
"1000 шақырымдық жол бір қадамнан басталады демекші, 2022 жылы осы Showdown федерациясын алғаш тіркеген едік. Енді, міне, осы 23 сәуірде ресми реестрге кіргізіліп, ресми түрде мойындалды. Бір жылдан астам уақытта қалалық, республикалық деңгейдегі додаларды өткіздік. Өзге өңірлерде 16 филиалымыз ашылды. Кіші қадамдарымыз үлкен мақсатқа айналуда. Бұйырса, осы бәсекеде ТОП-3-ке кірген спортшылар қазан айында 2-мәрте өткізілетін республикалық жарысқа жолдама алады. Дәл қазіргі сәтте Астанада осы спорт түрімен 50-ге жуық жан айналысады. Мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандардың үйде өздерін шектемей, қоғаммен араласып, өз потенциалын ашу. Бұйырса, тамыз айында алғаш рет showdown жақсы дамыған Болгариядағы халықаралық жарысқа және қарашада Швейцарияға жол тартамыз. Статистикаға назар аударсақ, 2022 жылы бұл 19 елде болса, қазір 37-ге өскен. Яғни, бізде бір орында тұрып қалмай, алға ұмтыламыз", - деді Showdown республикалық федерациясының президенті Жүзбай Серікұлы.
Айта кетейік, жарыс жеңімпаздарының есімдері ертең белгілі болады.