Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығы бүгінгі күні қажет етіліп отырған және алдағы таяу жылдары сұранысқа ие болатын мамандардың тізімін жариялады, деп хабарлайды әкімдіктің медиа орталығы.
Мәліметтерге сәйкес, елорда бұрынғыдай жұмысшы мамандықтарға зәру. Рейтингтің бірінші жолында құрылысшы мамандығы тұр. Тек биылғы жылдың өзінде түрлі қалалық кәсіпорындардан 3 мыңға жуық сұраныс түскен. Бұл мамандыққа деген сұраныс алдағы жылдары тұрақты болады.
Астанада әртүрлі жұмыстарды атқаратын адамдарға қажеттілік екі есеге аз. Дегенмен, бұл кәсіп тапшы мамандықтар рейтингінің екінші орнында тұр.
Жыл басынан 1,7 мың бос орын болды. Үшінші орында - медицина қызметкерлері.
2017 жыл басталғалы Жұмыспен қамту орталығына жұмыс берушілерден 705 сұраныс түскен. Бұл ретте, мамандардың болжауынша, ақ халаттыларға деген сұраныс алдағы жылдары тұрақты түрде артып отыратын болады.
Елордада сондай-ақ асүй жұмысшыларына, менеджерлерге, еден жуушыларға, монтаждаушыларға, жүргізушілер мен ағаш шеберлеріне сұраныс тұрақты. Одан бөлек, әкімшілер, кондитерлер, аспазшылар, күзетшілер мен тігіншілерге бос орындар жетерлік.
2017 жылдың бірінші тоқсанында Астана қаласында жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады.