Астанада сыртқы жарнамаға түбегейлі тыйым салынуы мүмкін

269

Бүгін мәжілісте Астана мен басқа да республткалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша Заң жобасы қаралып жатыр. 

Астанада сыртқы жарнамаға түбегейлі тыйым салынуы мүмкін Фото: canva.com

Заң жобасы 1 Кодекске және 6 Заңға өзгерістер енгізуді көздейді және жер қатынастары, сәулет және құрылыс, көші-шон, жарнама, экология және т.б. салаларға әсер етеді, деп жазады inbusiness.kz сайты Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндамасына сілтеме жасап. 

"Қазіргі уақытта қаланың сәулеттік келбетіне тек сыртқы жарнама арқылы емес, маңдайшалар мен нұсқаулықтар арқылы да зиян келтіріліп жатыр. Сонымен қатар сыртқы жарнамаларды жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру да қаланың келбетіне теріс әсерін тигізуде. Оған қоса қоғамдық орындардағы аудиожарнамалар да мезі етті", – деді вице-министр.

Әзірге мұндай әрекеттер заңға қайшы деп саналмайды және оған қарсы ешқандай әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған.

Сондықтан қалалардың сыртқы келбеті мәселелелерін шешу бойынша келесі заңнамалық түзетулер ұсынылып отыр:

- [ ] Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңына республикалық маңызы бар қала Астана маслихатының құзыретін дизайн-кодты бекіту жөніндегі нормамен, ал әкімдіктердің құзыретін стационарлық емес нысандарды орнату және жұмыс істеу бойынша қағидаларын бекіту жөніндегі нормамен кеңейту.

- [ ] Астана мәртебесі туралы заңға елордада бірыңғай дизайн-кодты енгізу және оның жалпы ережелерін айқындау.

- [ ] Жарнама туралы заңда ғимараттардың тұрғын үйдің меншік иесінің құқығын бұзу арқылы орнатылған жарнама нысандарын демонтаждау жөніндегі талаптарды қолдану, ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу, тротуарлар мен веложолдарда, автожолдар мен көшелерде сыртқы жарнаманы орналастыруға тыйым салу. 

"Аталған нормаларды Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің құқықбұзушылықтар құрамына енгізу мәселесі де пысықталуда", – деп түйіндеді Бауыржан Омарбеков.

Заң жобасы қабылданған жағдайда жоғарыда аталып өткен түзетулер тек бір Астанаға қатысты ғана емес, барлық республикалық маңызы бар қалаларды қамтитын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу