Жаңа травмпункт Хусейн бен Талал 14 мекенжайында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында жұмыс істемек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Балалар травматологиялық пункті Нұра ауданында ашылған. Бұған дейін елордада шұғыл травматологиялық көмек қаланың оң жағалауында орналасқан жалғыз балалар травмпунктінде көрсетіліп келді. Бұл өз кезегінде кезектің көбеюін тудырды.
– Балаларға хирургиялық көмек көрсететін жалғыз стационар – №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы. Ол – елорданың іргелес аудандарына да қызмет көрсететін балалар травмпункті бар жалғыз стационар. Бұл жағдай науқастарды жеткізу уақытын ұзартып, кезектің артуына әсер етті. Орта есеппен травмпунктке тәулігіне шамамен 300 бала жүгінеді. Сол жағалауда балалар травмпунктінің болмауы шұғыл медициналық көмекке мұқтаж балалар үшін күрделі мәселе туындатты, – деп түсіндіріп өтті Денсаулық сақтау басқармасы.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы былтырғы жылдың соңында елордадағы балалар саны шамамен 561 мыңға жеткенін мәлім етті. Сонымен қатар, Есіл және Нұра аудандарында осы уақытқа дейін қосымша балалар травматологиялық пункті ашылмаған.
– Осы мәселені шешу мақсатында Хусейн бен Талал көшесі, 14 мекенжайында орналасқан Ұлттық шұғыл медициналық үйлестіру орталығының базасында жаңа травматологиялық пункт ашу туралы шешім қабылданды. Жаңа пункттің ашылуы қолданыстағы бөлімшелерге түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып, елорданың сол жағалау тұрғындары үшін шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады, – деді басқарма басшысы Айнұр Төлеуова.
Бас травматологтың сөзінше, травмпункт шұғыл травматологиялық көмекке мұқтаж пациенттерге қызмет көрсетеді.
– Травмпунктке стационарлық емдеуді қажет етпейтін жарақаттармен жүгінеді. Атап айтқанда: тобық буынының зақымдануы, шыбық сүйегінің сынуы, тобық сынулары, сондай-ақ орнына салуды және бекітуді қажет ететін сынулар. Мұндай пациенттер кейін тұрғылықты жері бойынша емханаларда ем алып, оңалтудан өтеді, – деді Алексей Солод.