Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram қаланың тыныс-тіршілігі үшін маңызды нысандар туралы мәлім етті.
"Қаланың тіршілігі тоқтаусыз жүру үшін бірқатар маңызды нысан саламыз. Олар – "Тұран" және "Оңтүстік-Шығыс" газ жылу станциялары, сондай-ақ құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3 нысанын аяқтаймыз. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысын тексерді", деді қала әкімі.
Қалада жылыту маусымы шамамен 7 айға созылады.
"Газ жылу станциялары мен ЖЭО-3-ті алдағы жылыту маусымында кезең-кезеңімен пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.
Мәселен газ жылу станциялары мен ЖЭО-3 осы жылыту маусымында 1100 Гкал/сағ жылу береді, бұл бізге профицитке шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар биыл үшінші газ жылу станциясының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз", - деп жазды Жеңіс Қасымбек.