Астанада тәулігіне 1000 пациент қабылдайтын медициналық кешен ашылады

118

Кешенде 118 төсек, оның ішінде 18 реанимациялық орын қарастырылған.  

Астанада тәулігіне 1000 пациент қабылдайтын медициналық кешен ашылады Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Астанада №2 көпбейінді қалалық аурухананың базасында жаңа қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы қазан айында аяқталады. Нысан тәулігіне 850-1000 пациент қабылдауға есептелген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кешеннің құрылыс барысымен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова танысты. Ол қабылдау бөлімін, операциялық және реанимациялық палаталарды, диагностикалық кабинеттерді аралап, медицина қызметкерлерімен нысанның жұмысқа дайындығын талқылады.

Жалпы аумағы 7 мың шаршы метрден асатын бес қабатты ғимаратта диагностикалық қызметтер, операциялық блоктар, травматология бөлімшелері және инсульт орталығы орналасады. Мұнда 118 төсек қарастырылған, оның 18-і реанимациялық.

Кешенде шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған бірыңғай пациент маршруты енгізіледі. Яғни пациентті қабылдау мен диагностикадан бастап операция жасауға және кейінгі емдеуге дейінгі барлық кезең бір жүйеге біріктіріледі. Акушерлік, жалпы және травматологиялық пациенттер үшін бөлек кіреберістер қарастырылған.

Сонымен қатар елорданың сол жағалауындағы ересек тұрғындарға арналған травматологиялық пункт жұмыс істейді. Ол тәулігіне 100-120 адамға дейін қабылдай алады.

Кешен компьютерлік томограф, 3 Тесла МРТ, ангиограф, рентген және ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен жабдықталған. Операциялық блоктар күрделі хирургиялық оталар жасауға мүмкіндік береді.

Инсульт және ауыр жарақат алған пациенттерге арналған 40 төсектік екі мамандандырылған бөлімше ашылады. Сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге шұғыл көмек көрсету үшін неонаталдық үстелдер мен тасымалдау кювездері сатып алынған.

Ауруханада пациенттердің жағдайын орталықтандырылған бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесі де енгізіледі.

Жаңа кешенде 150 жұмыс орны құрылып, оның 50-і жаңа жұмыс орны болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу