Іс-шараға танымал спортшылар, жаттықтырушылар және қалалық спорт басқармасының қызметкерлері қатысты.
Олар Президенттік парк жағалауында тазалық жүргізді. Акцияның мақсаты – қаланың санитарлық жағдайын жақсарту және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Сенбілікке джиу-джитсу және грэпплингтен әлем, Азия чемпионы Нұржан Батырбеков, ММА-дан Қазақстан чемпионы Нұрлан Қарабалин, грек-рим күресінен Азия чемпионы (U23) Мерей Мәулітханов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбек Айтбеков, шорт-тректен Азия ойындарының чемпионы Айбек Нәсен, сондай-ақ Санжар Жанысов секілді спортшылар атсалысты.
"Мұндай экологиялық акцияларға қатысу – азаматтық парызымыз. Спортшы тек жарыста емес, өмірде де үлгі болуы керек. Елордамыздың таза, жайлы әрі заманауи болғанын қалаймыз және оған өз үлесімізді қосуға дайынбыз", – деді Нұрлан Қарабалин.

Қатысушылар мұндай бастамалар экологияны жақсартумен қатар, жастар арасында жауапкершілік пен бірлік мәдениетін қалыптастыратынын атап өтті.
"Спорт – тек медаль мен жарыс емес, ол тәртіп пен жауапкершілік. Осындай шараларға қатысу арқылы жастарға үлгі көрсетеміз және қаланың таза болашағына үлес қосамыз. Мұндай бастамалар дәстүрге айналуы керек", – деді Айбек Нәсен.