Астанада тегін тамақтану сомасын 319 теңгеден 400-450 теңге дейін көтеру ұсынылды

917

Астанада тегін тамақтану сомасын 319 теңгеден 400-450 теңге дейін көтеру ұсынылды

Мәслихат депутаттары, тұтынушылар құқығын қорғау сарапшылары және білім беру мекемелерінің өкілдері орта мектеп оқушыларының дұрыс тамақтану мәселесін талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Спикерлер мектеп асханаларындағы тамақтың сапасы мен рационына қатысты мәселе қозғады.

"Жеке кәсіпкерлермен қызмет көрсетілетін мектеп асханаларында мәзірдегі тамақтар талапқа сай келе бермейді. Тағамдар дайындалғанда олқылықтарға жол беріледі, технологиялар көп жағдайда сақталмайды, тамақтың салмағы сай келмейді. Жыл сайын қызмет көрсетуші компания ауысатындықтан ол аталған салада қажетті тәжірибе жинақтап үлгере алмайды", - деді "Әділет" тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігі төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова.

Оның айтуынша, қаладағы 47 мектепке тексеріс жүргізіліп, оның 27-нен өрескел бұзушылық анықталды.

Осыған орай қоғамдық белсенділер тиісті органдарға ата-аналар мен ҮЕҰ бірлесіп мектеп асханасындағы тамақтың сапасына қатысты сараптама жүргізіп, қажетті шара қабылдау үшін бақылаушы органдарға жіберу керек деген пікірде.  Сондай-ақ спикер мектеп асханаларындағы бағаның қымбат екенін де атап өтті.

"Картоп қосылған бәліш - 100 теңге, ал компот - 80 теңге. Соңғысының бағасы төмен екенін ескеріп, мектеп асханасындағы бағаның шегін белгілеу керек. Бұған қоса, тегін тамақтану сомасын 319 теңгеден 400-450 теңге дейін көтеріп, төртапталық ас мәзірін қайта қарау қажет. Бұл ретте мектептік тамақтану комбинатын құру қажеттілігі туындайды", - деді ол. 

Айта кетейік, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру бағдарламасына мектептік тамақтануды жетілдіру шаралары енгізілді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде 2020 жылы Астана мен Алматы және облыс орталықтарында 16 энергоүнемдеуші мектептік тамақтану комбинатын салу жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу