Астанада Триатлон саябағының аумағында өрт шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өрт сөндірушілер 25 шаршы метр аумақты шарпыған қызыл жалынды жедел түрде толық сөндірген. Оқиғаның шығу себебі анықталып жатыр.
Астана қаласы Полиция департаментің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, күдікті кәмелетке толмағандардың жеке басы анықталды.
"Алдын ала мәліметке сәйкес, таңертеңгі уақытта ересектердің қарауынсыз болған 4 жасөспірім елордадағы саябақтардың бірінің аумағында болып, көгалға өрт қойған. Өрт дер кезінде оқшауланды, зардап шеккендер болған жоқ. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жедел қызметтердің жұмысын үйлестіріп, өрт сөндіру бөлімшелері жеткенге дейін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Күдіктілер полиция бөліміне жеткізілді", – делінген хабарламада.
Бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларын тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылатыны айтылды.