Астанада тротуар опырылып, бойжеткен ішіне құлап кетті

531

Зардап шеккен қыздың жағдайы белгілі болды. 

Астанада тротуар опырылып, бойжеткен ішіне құлап кетті Фото: Astanovka 98 Telegram-арнасы

Астана қаласында тастөсеуіш опырылып кетіп, бір адам зардап шекті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Куәгерлердің сөзінше, оқиға "Қобыз сарайы" маңында болған. Бұл туралы Astanovka 98 Telegram-арнасы жазды. 

"Астанада бойжеткен жер астына түсіп кетті. Ол "Қобыз сарайы" маңындағы тротуарда жүріп келе жатқанда тастөсеуіш аяқ астынан опырылып кетті. Шұңқырдың тереңдігі шамамен бір метр болған. Төменгі жағында су жиналған", - делінген желіде таралған хабарламада.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем қызметіне Керей, Жәнібек хандар көшесінде "Қобыз сарайы" аялдамасы маңында болған оқиға бойынша шақырту түскен. 

"Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнында бойжеткенге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Зардап шеккен қыз ауруханаға жатудан бас тартты", - деп хабарлады басқарма.

Осы оқиғаға қатысты "Астана су арнасы" да түсінік берді.

"26 мамыр күні Керей, Жәнібек хандар көшесі, 18 мекенжайында ("Қобыз сарайы" маңында) диаметрі D-1000 мм болатын коллектор жанынан тротуар плиткасы опырылып түскен. Пайда болған шұңқырдың түбінде су жиналған. Оқиға орнына дереу "Астана су арнасы" мамандары жетіп, техникалық тексеру жұмыстары басталды. Жағдай толық бақылауда. Оқиғаның нақты себебі жүргізілетін жұмыстардың нәтижесі бойынша белгілі болады", - делінген ақпаратта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу