Астанаға келген туристерге ыңғайлы болу үшін бірыңғай электронды карта пайда болады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА Астана Конвеншн Бюро директоры Санияр Айтекеновке сілтеме жасап.
"Бұл үшін ұзақ еңбек еттік, енді міне, нәтижеге де қол жеткіздік. Жақында Астанада туристерге арналған бірыңғай электронды карта шығарылады. "Astana CityPASS" - туристерге арналған электронды карта түріндегі қаланың туристік индустриясына арналған бірыңғай өнім. Бұл картамен музейлерге, қаланың беткеұстар нысандарына баруға болады, екі қабатты автобусында, Есіль кемесінің бортында экскурсия жасауға болады", - деп жазды Санияр Айтекенов әлеуметтік желіге. Оның хабарлауынша, бұл жинақ үш тілдегі жолбасшымен, қала картасымен, жеңілдіктер туралы ақпарат және СИМ-КАРТАМЕН толықтырылған. "Қазір біз CityPASS ішіндегі Recommended by EXPO-2017 қаланың серіктес мекемелерімен жеңілдіктерді интеграциялау жұмыстары жүріп жатыр", - деп толықтырды Астана Конвеншн Бюро директоры. Астана Конвеншн Бюро - Астана қаласының инвестициялар және даму басқармасы құрылымындағы ЖШС, ол елорданың туристік саласын жоспарлау, дамыту бойынша негізгі ұйым болып саналады.