Астанада "Түркістан" екі томдық энциклопедиясы таныстырылды

284

300-ден астам ғалым атсалысты.

Астанада "Түркістан" екі томдық энциклопедиясы таныстырылды Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Telegram

Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында "Түркістан" екі томдық энциклопедиясының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоба түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдени мұрасын зерттеуге арналған.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, түркітілдес бес елдің дипломатиялық миссиялары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Энциклопедияны 2021–2025 жылдары әзірлеуге 300-ден астам ғалым мен зерттеуші атсалысқан. Жұмыс барысында 4 мыңнан астам тарихи атау мен ұғым зерттеліп, қайта өңделді.

Жобаның жетекшісі әрі бас редакторы – тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі. Жауапты редакторы – филология ғылымдарының кандидаты Тұрдықұл Шаңбай.

Екі томдық басылымда Түркістанның сан ғасырлық тарихы, түркі халықтарының мәдени мұрасы мен өркениетінің дамуы қамтылған. Энциклопедия тарихи деректерді жинақтау, жүйелеу және сақтау, сондай-ақ түркі дүниесіне ортақ рухани мұраны тереңірек зерттеу мақсатын көздейді.

Таныстырылым барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының атынан Тұрдықұл Шаңбай мен Жандос Бәделұлына Президенттің Алғысы мен төсбелгісін табыстады.

Сонымен қатар Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова академиктер Дархан Қыдырәлі мен Әділ Ахметовке "Түркі мәдениеті мен мұрасының амбассадоры" құрметті атағын берді. Тұрдықұл Шаңбай мен Turkistan.az ақпараттық порталының бас редакторы Ақыл Жамал қордың алғыс хаттарымен марапатталды.

Жиынға қатысушылар энциклопедияның түркі халықтарына ортақ мұраны зерттеу мен сақтаудағы ғылыми және мәдени-тарихи маңызын атап өтті.

Іс-шараны Түркі мәдениеті және мұрасы қоры ұйымдастырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу