Наурыз мейрамының алғашқы күнінде үш мыңға жуық қала тұрғындары мен қонақтары асық ату, арқан тарту, қазақ күресі, гір спорты сынды ұлттық ойын түрлерінен бақ сынады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қаланың әртүрлі аудандарындағы жарыстарға еңкейген қариядан, алты жастағы балаға дейін ұлттық ойындарға белсенді қатысты.
"Қазір біз ЭКСПО аумағындамыз. Ұлттық спорт ойындарына қатысуға қызығушылық жоғары. Қала тұрғындары мен қонақтары, оның ішінде жас балалар арқан тартыс пен асық ату ойындарына белсенді қатысып жатыр. Жарыс соңында жеңімпаздарға естелік сыйлықтар – теледидар, құлақ қап, тоңазытқыш т.б. табысталады. Елорда тұрғындарын бізбен бірге наурызды тойлауға шақырамыз", - дейді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бахтияр Масанов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша наурыз мейрамына арналған ұлттық спорт ойындары қаланың барлық ауданында өтіп жатыр.
Атап айтар болсақ, Алматы ауданындағы "Қазақ елі" монументі алаңында, Сарыарқа ауданындағы Әкімдік алаңы (Бейбітшілік көшесі, 11) "Көктал" саябағында (С.Бейбарыс көшесі), Қорғалжын алаңында (Құсмұрын көшесі 2), Оқжетпес алаңында (Оқжетпес-Герцен көшелерінің қиылысы). Ал Байқоңыр ауданындағы "Ататүрік" саябағында (Ж.Тәшенов көшесі), Кирпичный тұрғын алабында (Орталық базар), Өндіріс тұрғын алабында (Ақбидай көшесі, 6) және Есіл ауданындағы "Бәйтерек" монументінің жанындағы алаңы, ЭКСПО аумағында, Пригородный тұрғын алабында, № 24 орта-мектептің алаңында (Арнасай көшесі, 127) өтіп жатыр.
Айта кету керек, биылдан бастап Қазақстанда Наурыз 10 күн тойланады. Наурызнамның мерекелік онкүндігінің әр күні ерекше мағынаға толы. Мысалы, 20 наурызда Ұлттық спорт күні аталып өткен болатын.