Астанада ұшақ бортында жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлаған жолаушы сотталды

654

Оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. 

Астанада ұшақ бортында жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлаған жолаушы сотталды Фото: aif.ru

Астана қаласы Есіл ауданының №2 соты терроризм туралы көрінеу жалған хабарлама таратқан ұшақ жолаушысына қатысты айыптау үкімін шығарды, деп жазады inbusiness.kz қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"2022 жылғы 8 қазанда Г. есімді азамат әуе кемесінің бортында масаң күйде болған кезде бортсерікке пакетінде бомба бары туралы хабарлаған. Астана қаласының құқық қорғау қызметтерінің қызметкерлері іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында аталған әуе кемесінде қандай да бір жарылғыш заттар табылмады, осылайша терроризм актісі туралы хабарламаның жалған екендігі дәлелденді. Сотта Г. кінәсін толық мойындады, өз еркімен барлық жәбірленушіге келтірілген залалды өтеді", - делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, сот азаматта екі кішкентай баласының болуын, кінәсін мойындап, шын жүректен өкінуін, зиянды өтеуін жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Сонымен қатар сот ауырлататын мән-жайлар ретінде жеңіл дәрежелі алкогольдік масаң күйде болуын таныды.

"Қылмыстық Кодекстің 273-бабында көзделген қылмыс ауырлығы орташа қылмыстарға жатады. Осы баптың санкциясы айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Г.-ның жәбірленушілерге келтірілген залалды өз еркімен өтеуін, жеңілдететін мән-жайларды, жәбірленуші тараптың пікірлерін ескеріп, сот пробациялық бақылауды белгілей отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны тағайындады", - делінген сот үкімінде.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу