"Түрік фильмдерінің ай сайынғы көрсетілімі" шарасы аясында елорда көрермендерінің назарына үздік түрік фильмдері ұсынылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Екі бауырлас ел арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығына орай елорда көрермендерінің назарына үздік түрік кино туындыларын ұсынбақ.
2018 жылы Астаналық көрерменнің көзайымына айналған "120", "Көбелектің түсі", "Соңғы хат" сияқты фильмдермен қоса, жаңа кинотуындылар да көрсетілетін болады. Солардың бірі – танымал түрік жазушысы Саит Фаик Абасияныктың "Күнкөріс қайығы" атты романының желісімен түсірілген "Екеумізге бір әлем" фильмі. Бұл туындыны астаналықтар 31 наурызда тегін тамашалай алады.