2023 жылғы 22 қарашада Астана қаласында "WorldSkills Kazakhstan 2023" VIII Республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты басталады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының м.а. Ақзира Қасымова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Чемпионатқа еліміздің 20 өңірінен 545 студент, 520 сарапшы қатысады.
Олар келесі 30 сұрансысқа ие мамандық бойынша бақ сынайды: "Кірпіш қалау", "Кондитерлік іс", "Сырлаужәне сәндік жұмыстар", "Прототиптеу", "Плиткамен қаптау", "Наубайхана ісі", "Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету", "Мейрамхана қызметі", "Дәнекерлеу технологиялары" және тағы басқа.
"Чемпионат 7 бағыт және 30 кәсіп бойынша өтеді. WorldSkills чемпионатының ашықтығын қамтамасыз ету үшін сарапшыларды іріктеу және бағалау жұмысы автоматтандырылған. Ұлттық оператор биыл алғаш рет WorldSkills стандарттары бойынша 400 аймақтық сарапшыны оқытты, бұл сарапшыларға критериалды бағалаудың мәнін, оның ішінде ашықтық пен сапаны қамтамасыз ету үшін қажетті рәсімдерді түсінуге мүмкіндік берді", - деп атап өтті Ақзира Қасымова.
"WorldSkills Kazakhstan 2023" республикалық чемпионаты "EXPO" Халықаралық көрме орталығының алаңында және Астана қаласының колледждерінің базасында өтеді.
WorldSkills қозғалысы жұмысшы мамандықтарын танымал етуге, беделін арттыруға бағытталған.
Республикалық чемпионат қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздар 2024 жылдың 10-15 қыркүйек аралығында Францияның Лион қаласында өтетін халықаралық WorldSkills чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болады.