ҚР Қорғаныс министрлігінде ҚР ҚК басшылық құрамының оқу-әдістемелік жиындары шеңберінде "Сирия, Ирак және Ауғанстандағы қарулы шиеленістер: Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері үшін сабақ және қорытынды" тақырыбында конференция өтті, деп мәлім етті министрліктің баспасөз қызметі.
Конференция барысында жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы іс-әрекет жасау және заманауи "будандық" соғыс жағдайында жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу аспектілері бойынша бірқатар көкейкесті мәселелер талқыланды. Сонымен бірге, заңсыз қарулы құралымдар мен үкіметтік әскерлердің іс-қимыл тактикасы, авиацияны қолдану тәжірибесі, арнайы операцияларды жүргізу әдістері мен мысал ретінде Сирия, Ирак және Ауғанстандағы қарулы жанжалдардағы әскери-саяси жағдайға баға беру егжей-тегжейлі қаралды. Қазақстанның қорғаныс ведомствосы басшысы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әсіресе, халықаралық лаңкестікке, сепаратизм мен діни экстремизмге қарсы тұруға қатысты мәселелерде бүгінгі конференцияның өткізілу маңыздылығын атап өтті.