Елордада жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жеке тұрғын үйлердің бірінде заңсыз жұмыс істеген ет өнімдерін өңдеу цехын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру барысында өндірістің ешқандай рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырылғаны белгілі болды. Бұл өнімдер кез келген уақытта елорда тұрғындарының тұтынуына түсуі мүмкін.
Тексеру кезінде шығу тегі мен сапасы белгісіз 3 тоннадан астам ет өнімі анықталды. Сондай-ақ өнімдердің санитариялық талаптар өрескел бұзыла отырып өндірілгені және сақталғаны белгілі болды. Температуралық режим сақталмаған, ет антисанитариялық жағдайда сақталған.
Өнімнің бір бөлігінде бүлінудің айқын белгілері байқалған: өткір жағымсыз иіс шыққан, шыбындар қаптаған және тағам ретінде пайдалануға жарамсыз екенін көрсететін өзге де белгілер анықталған.
Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде анықталған барлық өнім жойылды. Заңсыз цех иелері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылды.