Астанада заңсыз көлік жуу орны бұзылады

345

Нысан рұқсат құжаттарынсыз салынып, тұрғындарға қолайсыздық тудырған.  

Астанада заңсыз көлік жуу орны бұзылады Фото: Astana news

Астананың Байқоңыр ауданындағы Тараз көшесінде заңсыз салынған көлік жуу орнын бұзу жұмыстары басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Нысан тиісті рұқсат құжаттарынсыз және көлік жуу орнына арналмаған аумақта салынған.

Бұдан бөлек, нысан тұрғын үйлердің маңында орналасып, тұрғындарға қолайсыздық тудырған.

Бұған дейін елорданың Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекторлары нысан иесіне заң бұзушылықтарды жою қажеттігі туралы хабарлаған. Алайда талаптар орындалмаған.

"Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы аталған нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесі бойынша нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Нұсқама орындалмағандықтан, басқарма нысанды бұзу туралы сотқа талап арыз берді", – деп түсіндірді Астана қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Өміржан Керейхан.

Сот талқылауы сегіз айға созылып, нысанды бұзу туралы шешім қабылданды.

Қазіргі уақытта басқарма 341 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды жою туралы 182 нұсқама берген. Сондай-ақ жалпы сомасы 265 млн теңгеден асатын 702 әкімшілік айыппұл салынған.

Әкімдік тұрғындарды сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заң талаптарын сақтауға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу