Астанада рұқсат қағазынсыз салына бастаған "Dublin" тұрғын үй кешенін бүгін сүру мүмкін болмады. Себебі, бұған таңертеңмен құрылыс аумағына арнайы техникасын сайлап келген сот орындаушыларға G-Park" компаниясының өкілдері жол бермеді.
Осыдан кейін сот орындаушыларға сүру жұмыстарын кейінге қалдыруға тура келді. Әзірге компания бірде-бір рұқсат қағазынсыз салына бастаған тұрғын үйге ешкімнің де "қолы тимеді". Еске салсақ, осыдан 15 күн бұрын G-Park-тің еншілес компаниясы "Stroy Group kz-ке" сот өз қаражаты есебінен жедел түрде құрылысты бұзу туралы шешім шығарған еді. Алайда, компания оған қолды бір сілтеп, керісінше жұмыстарды жандандыра түсіпті. Бұл орынға негізінен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуы керек еді. Әділет департаментінің мамандары тұрғын үйдің сүрілмеу себебін былай түсіндірді.
"Борышкерлер тарапынан әкімшілікке соттың шешімін орындауды өз еріктерімен орындайтыны туралы міндеттеме түскен. Міндеттемеге байланысты әкімшіліктің бастамасымен борышкерге уақыт беру туралы шешім қабылданып, қазіргі таңда мәжбүрлі түрде орындау шаралары тоқтатылды. Егер борышкер нақты соттың шешімін орындамаса, онда мемлекеттік орындаушымен мәжбүрлі түрде өндіріп алады", - дейді Әділет депаратменті басшысының орынбасары Азамат Бердібеков.