Елордадағы Ботаникалық саябақта жазғы сауықтыру маусымы ашылды. Бұл туралы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сәрсенбі күні таңертеңгі уақытта қаладағы демалыс орындары мен саябақтарда таңғы сауықтыру жаттығулары өтті. Жазғы маусымның ашылуына 530 қала зейнеткері қатысты. Олар йога, оңалту гимнастикасы, айкуне, скандинавиялық серуен және "Цигун" тыныс алу гимнастикасынан жаттығулар жасады.
21 мамыр күні сағат 17.00-де "Жетісу" саябағында ардагерлерді әлеуметтендіру, сауықтыру және зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ретро әндерден би кешінің ашылуы өтеді.
Зейнеткерлердің қатысуымен сауықтыру жаттығуларын өткізу тұңғыш рет қолға алынып отыр. Бұл бастама қала тұрғындарының денсаулығын нығайту және спорттық белсенділікті арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Оған барлық қала тұрғыны қатыса алады. Жаттығуға қатысу тегін.
Енді сауықтыру жаттығулары "Жетісу", "Жерұйық", Ботаникалық саябақта, Орталық және Президент саябағында, Нұржол гүлзары мен Мұғалімдер алаңында қыркүйекке дейін жалғасады. Кестеге сәйкес оңалту гимнастикасы, "Цигун" тыныс алу гимнастикасы, скандинавиялық серуендеу, айкуне мен йогадан сауықтыру сабақтары өткізіледі.
Сондай-ақ, қала зейнеткерлері үшін Жетісу саябағында әр сәрсенбі сағат 17:00-19:00 аралығында "Зейнеткерлер дискотекасы" өткізілмек.