Астанада зейнеткерлерге шипажайға жеңілдікпен жолдама беріледі

319

Бұл туралы елорданың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мәлімдеді.

Астанада зейнеткерлерге шипажайға жеңілдікпен жолдама беріледі Фото: ru.pinterest.com

Астанада жасы бойынша зейнеткерлерге санаторий-курорттық емделуге арналған әлеуметтік көмек көрсетіледі. Олар екі жылда бір рет шипажайға жолдама ала алады, деп хабарлады inbusiness.kz сайты.

Әлеуметтік көмек елордада кемінде үш жыл тұрақты тіркелген азаматтардың бірнеше санатына арналған.

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  • Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
  • Жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
  • Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан, "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заңда белгіленген тәртіппен ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандары;
  • Жасы бойынша зейнеткерлер – екі жылда бір рет.

Зейнеткерлер жолдама құнының 20 пайызын өздері төлейді. Ал ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын азаматтар үшін төлем 15 пайызды құрайды.

Айта кетейік, аталған санаттарға жататын, бірақ жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емделу ұсынылған мүгедектігі бар азаматтарға бұл әлеуметтік көмек көрсетілмейді.

Жолдама алу үшін азаматтар birge.astana.kz сайтына электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы тіркелуі керек. Өтінімді азаматтың өзі береді. Тіркеу шипажайлармен келісілген кесте мен бөлінген орын санына қарай жүргізіледі.

Жолдамалар саны шектеулі болғандықтан, бос орындар қысқа уақытта толып қалуы мүмкін. Барлық орын бөлінген соң тіркеу автоматты түрде тоқтатылады.

Тіркелген азаматтар шипажайға барудан 10–15 күн бұрын жолдама алу үшін Бейбітшілік көшесі, 9-үй, 102-кабинетке мына құжаттарды тапсыруы қажет:

  • терапевт берген санаторий-курорттық карта және оның көшірмесі;
  • жеке куәлік.

Құжаттарды сенімді өкіл тапсырса, сенімхат пен оның көшірмесі, сондай-ақ өкілдің жеке куәлігінің көшірмесі қажет.

2026 жылы жолдамалар үш шипажайға берілген.

Олар: 

  • "Қатаркөл" – Ақмола облысы, Бурабай ауданы;
  • "Zari" – Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы;
  • "Балқаш" – Қарағанды облысы.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу