Астанада сенбілікке 100 мыңнан астам адам қатысты

281

Экоакция барысында 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Астанада сенбілікке 100 мыңнан астам адам қатысты Фото: Астана әкімдігі

Астанада "Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" экоакциясы аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік өтіп жатыр. Оған 100 мыңнан астам қала тұрғыны, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес өкілдері, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, МИБ (ПИК) және т.б. қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

Сенбілік барысында 12 мыңнан астам ағаш және 16 мың шаршы метрден астам бұталар мен сәндік өсімдіктер отырғызылды. Қатысушылар осылайша қаланы көркейтуге үлес қосты. Тұрғындар тазалық орнатып, аулаларын абаттандыру үшін жиналды.

2025 жылы елорданың түрлі аудандарында, соның ішінде Ақбұлақ өзенінің жағалауында, Р.Қошқарбаев даңғылы мен С.Нұрмағанбетов көшелерінің қиылысында, Ж. Омаров көшесі, Абай даңғылы және Ш. Уәлиханов көшесі, Кирпичный тұрғын алабында, сондай-ақ Керей, Жәнібек хандары, Ұлы Дала көшелерінің бойында, Жағалау саябағында, РДО жанында, Бейбітшілік, Күмісбеков, Серкебаев көшелерінің бойында тазалық жүргізілді. Ал "Жастар" саябағында, Ботаникалық бақта, Көктал саябағында, Абай алаңында және басқа да қоғамдық орындарда көшет отырғызылды.

"Бүкіл қаланың бір мақсат үшін біріккенін көру көз қуантады. Бүгін көршілерімізбен бірге үйіміздің жанына бірнеше ағаш отырғыздық. Енді бірнеше жылдан кейін мұнда әдемі аллея болады деп үміттенемін", – деді қала тұрғыны.

Күн райының жылынуымен қалада абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары басталып кетті. Биыл елордада миллионға жуық жасыл желек (ағаш, бұта, көшеттер, т.б.) отырғызу жоспарланып отыр. Абаттандыру жұмысы қаланың барлық алты ауданын, оның ішінде алаңдарды, аулаларды және жағалауларды қамтиды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу