Астанада жаңа "Қыз Жібек" операсының тұсаукесері өтеді

1022

Астанада жаңа "Қыз Жібек" операсының тұсаукесері өтеді

10 ақпанда сағат 19.00 "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында Е. Брусиловскийдің "Қыз Жібек" операсының тұсаукесері өтеді. ""Қыз Жібек" операсының жаңа музыкалық редакциясының авторы "Құрмет" орденінің кавалері, Ұлыбританияның Йорк университетінің магистрі, Қазақстан композиторлары одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

"Е. Брусиловскийдің шығармашылығына талдау жасаудан бастадым және оның бұл операны өте жас кезінде – 29 жасында, 1933 жылы Қазақстанға енді ғана келген кезінде әрі қазақ тілін әлі меңгере қоймаған кезінде жазғанын түсіндім. Әрине, бұл әртістерге белгілі бір қиындық туғызды. Өз тәжірибеме сүйенсем, операның көптеген тұсын әншілер кеңес тұсында басып шығарылған клавир бойынша орындамағанын білемін. Әртістер оны қазақша шырқағанға "ыңғайлы" етіп өзгерткен. Әртүрлі нұсқаларды тыңдай отырып, мен оларды нота тілінде "заңдастырдым". Енді бәрі орындаушыға да, тыңдаушыға да ешбір жайсыздық тудырмастан шынайы шырқалады",  – дейді музыкант.

Операда алғаш рет балалар хоры пайда болады. Оның айтуынша, бұл маршты ересектер хоры орындаса, онда музыка соншалықты тамаша рең бермес еді. Сондықтан режиссермен осы міндеттерді шешудің әртүрлі жолы қаралып, осы хорды "Астана Опера" балалар студиясының жас әртістері орындай алады деген шешім қабылданды.

"Олардың шырқағанын естіп, мен өнерлеріне тәнті болдым. Бұны да біз ойлап тапқан жоқпыз, біз уақыт тезінен өткен бұрынғы композиторлардың тәжірибесін пайдаландық. Сондықтан, сахнада балалардың шырқағаны спектакльге ерекше мән береді", – деп атап өтті Абзал Мухитдинов.

Мұнымен қоса, операда алғаш рет ұлттық аспаптар қолданылады. Домбырашылар ансамблі қосылды, ол сахнада орналасады, музыканттар садақшылардың биін сүйемелдейді. Түпнұсқадағы күйлерге лирикалық акцент енгізілді. Сондай-ақ, керней, шаңқобыз, қылқобыз және жетіген пайдаланылады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу