Зайсан, Қатон-Қарағай және Кендірлідегі жаңа әуежайлар 2027 жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Серік Жұманғариннің сөзінше, көлік-логистика әлеуетін нығайту аясында елдің инфрақұрылымын кеңейту негізгі бағытқа айналады.
"2027 жылдың мамыр айында Зайсан, Қатон-Қарағай және Кендірліде жаңа әуежайларды пайдалануға беру жоспарланған, ал маусым айында ірі әлемдік компанияны тарта отырып, Астанада әуежай құрылысы басталады. Сонымен қатар, 2027 жылдың соңына дейін "Бахты – Аягөз" теміржол желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанды Еуразиядағы көлік-логистикалық хабқа айналдыру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі болады", – деді вице-премьер.
Автокөлік саласында республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды салу мен қайта құру жұмыстары жалғасады. Оның ішінде "Арал – Каспий" және "Көкшетау – Петропавловск" күре жолдары қарастырылған.
Барлық автокөлік өткізу бекеттерін толық қайта құру, сондай-ақ зияткерлік көлік жүйесін енгізу арқылы жүк тасымалын электрондық құжаттарға көшіру жүзеге асырылады.